
Қазіргі қазақстандық білім берудің басты басымдығы – сапалы оқытуды қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде лайықты тәрбие берусіз мүмкін емес. Білім мен тәрбие – қоғамның өзара тығыз байланысты екі тірегі, оларды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды.

2025 жылғы 9 қыркүйекте химия және биология пәні мұғалімдерінің облыстық қауымдастығының отырысы өтті. Жиын барысында жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу аясында пән мазмұны мен оқыту әдістемесін жетілдіру мәселелеріне, сондай-ақ бірыңғай тәрбие бағдарламасы — «Адал азамат» элементтерін оқу үдерісіне енгізуге баса назар аударылды. Отырысқа аудандық пәндік қауымдастықтардың төрағалары, әдіскерлер мен тәжірибелі педагогтер қатысты.

Спикерлер А.О. Сәрсембаева мен О.В. Лютая «Адал азамат» бағдарламасының тәрбиелік құндылықтарының маңыздылығын атап өтіп, химия және биология сабақтарында табиғатқа ұқыпты қарау дағдылары қалыптасып, экологиялық мәдениет дамитынын және оқушылардың ғылыми деректерге сүйене отырып шешім қабылдауға үйренетінін жеткізді. Осыған орай, Әдістемелік орталықтың мамандары А.С. Аманжолова пен Е.И. Колесникова экологиялық бағыттағы іс-шаралар жоспарын ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар 2025–2026 оқу жылында химия және биология пәндерін оқытуға жасанды интеллект мүмкіндіктерін интеграциялау және «Адал азамат» бағдарламасының тәрбиелік құндылықтарын енгізу басым бағыттардың бірі болатынын атап өтті.
Авторы: saparov.muhanbetali
Қосылды: 10.09.2025 в 16:14